Halyk̦aralyk̦ k̦atynastar ža̋ne halyk̦aralyk̦ k̦u̇k̦yk̦ seriâsì (Jun 2023)
Иран билігі мен күрдтердің қақтығыс мәселесін талдау: Э. Азардың «ұзақ мерзімді әлеуметтік қақтығыс» тұжырымы негізінде
Abstract
Иран билігі мен күрдтер арасындағы шиеленіскен қақтығыстар соңғы бір ғасыр бойы жалғасып келеді. Иран күрдтерінің жергілікті билікпен қарым-қатынасы әр режим тұсында әр түрлі дамып келді. Ирандағы күрдттердің мәселелерін қамтитын зерттеулер көлемі жағынан Түркия, Иран, Сирия күрдтері туралы зерттеулер санынан салыстырмалы түрде азырақ. Оның себебі, Ирандағы мемлекеттік саясат жекелеген ғалымдарға зерттеу жүргізуге қажетті дереккөздерге қолжетімділігін шектеуге бағытталғандығымен түсіндіріледі. Ирандағы күрдтердің мәселесі осы күнге дейін тек, ұлттық қозғалыс пен бірегейлік мәселелері шеңберінде жүргізіліп келгендігін ескерсек, жергілікті күрдтер мен Тегеран билігінің өкілдерімен қақтығыстық қарым-қатынасқа белгілі бір тұжырымдық концепция тұрғысынан түсіндіру әрекеттері жетіспейтіндігін айтуға болады. Бұл зерттеу жұмысы Иран билігі мен күрдтер қақтығысын Э. Азардың ұзақ мерзімді әлеуметтік қақтығыс тұжырымы тұрғысынан қарастырады. Талдау критерийлері ретінде, топтардың қоғамдық құрылымы, адами негізгі қажеттіліктерінің қамтамасыз етілмеуі, басқару және мемлекеттің, халықаралық байланыс элементтері алынды. Зерттеу қорытындысына бойынша, біріншіден, Ирандағы күрдтер ғасырлар бойы өз бірегейлігін жоғалтпаған, ассимиляцияға төтеп бере алатын және жұмылдыру деңгейі жоғары ұлттық топ екендігін көрсете алды. Екіншіден, Иран үкіметі күрдттердің экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуде шектеулер қою саясатын ұстанып келді. Үшіншіден, Иран үкіметі тарихи әр кезеңде күрдтерге қатысты ассимиляциялық және репрессиялық саясатты ұстанып келді. Бұл әсіресе, исламдық республика шеңберінде айқын байқалады. Себебі, Иранның ұлттық интеграциялық идеологиясы жекелеген ұлттар бірге өмір сүретін федерациялық формаға емес, керісінше, «мұсылмандық умма» деп этникалық шеңберден шығатын универсалды идеяға негізделді. Төртіншіден, ирандық күрдтер әрқашан да шетелдегі күрд диаспоралармен тығыз байланыста екендігі мәлім болды. Бұл оларға өз мәселелерін халықаралық деңгейде көтеріп, әрқашан қолдау ала алатындықтарын білдіреді. Демек, Э. Азардың тұжырымы Иран билігі мен күрдтер арасындағы қақтығыстың ұзақ мерзімді болуының себептерін түсіндіруге келеді. Түйін сөздер: иранның ұлттық саясаты, күрдтер қозғалысы, ұзақ мерзімді әлеуметтік қақтығыс, ассимиляция, ұлттық саясат