Әл-Фараби Атындағы Қазақ Ұлттық Университеті хабаршы шығыстану сериясы (Jun 2025)
ОСМАН ТІЛІ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ҚАЗАҚ ТҮРКОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ОРНЫ МЕН МАҢЫЗЫ - ПРОБЛЕМАТИКАЛЫҚ ТҰСТАРЫ
Abstract
Мақалада қазақ түркологиясы зерттеулерінде біршама сирек кездесетін ғылыми бағыт – осман-түрік тіліне қатысты ізденістер туралы сөз болады. Осман тілі қазіргі түрік тілі лексикографиясында, мысалы «Камус-и түрки» мен «Түрік тілінің түсіндірме сөздігінде» османлыша немесе османлы түрікшесі деп екі атаумен берілген. Кеңестік түркологияда «османско-турецкий язык», қазақшаласақ «осман-түрік тілі» деген атау жиірек қолданылады. Мақсатымыз, қазақ түркологиялық зерттеулеріндегі көрінісі мен ғылыми интерпретациясына шолу жасау, казақтілді контенттердің тақырыптық және мазмұндық ерекшеліктерінен хабардар ету. Ізденіс барысында қолға тиген тарихи және лексикалық зерттеулерден иллюстративті мысалдар пайдаланып тақырып өзектілігін ашуға тырыстық. Мұнда шет елдік еңбектермен қоса түрік тілінен қазақ тіліне аударылған еңбектер қолданылды. Осман-түрік тілінің оқулық кітаптарынан хабардар ету ниетінде Э.А.Грунинаның «Руководство по османо-турецкому языку – Осман-түрік тілі бойынша нұсқаулық» пен түркиялық ғалым Хаяти Девелидің «Osmanlı Türkçesi Grameri-I – Осман тілінің грамматикасы» атты басылымдарын пайдаландық. Бұлардың тақырыптық мазмұнын беріп, орыс тілі кітабында қандай деректерге жүгінгені жөнінде және олардың қазіргі уақыттағы цифрлық көрінісі туралы ақпарат қостық. Мақала барысында көрінгеніндей «осман-түрік тілі» атауы түрік ғалымдарының еңбектерінде де бірыңғай бағаланбайды, осы тұрғыда «әдеби тіл» еместігін, диалект, говор дәрежесіндегі «халық тілі» екендігін атап өткен еңбектерге де шолу жасадық. Бұған қоса осман-түрік тілі оқытылуын Селжұқ пен алғашқы османдық дәуірдегі халықтық педагогика негізінде талдаған еңбекке сілтеме жасап кейбір термин мен атаулардың қазақша түсініктемесін қостық. Қазақтілді контенттерде орын алған «анкара говоры» аясында түрік ғалымдарының зерттеулеріне сүйеніп «стамбұл говоры» туралы, бұлардың қазіргі әдеби түрік тілінің дамып қалыптасуына қатыстылығы туралы мәліметпен бөлістік, бұл орайда Стамбұл қаласының маңызды рөл атқарғандығын атап өттік. Кеңес Одағы кезеңі мен қазіргі уақыттарда жарық көріп жатқан басылымдарда кездесетін «советизм» деп аталып жүрген ғылыми тавтология туралы, мұның қазақтілді контенттердегі көрінісі туралы пікір білдірдік. Тақырып бағытында түрік ғалымдарының зерттеулеріне сүйеніп осман-түрік тілі мен «модерн түрік тілінің» жалғастырушы-дәнекер ақындарының бірі Мехмет Акиф Ерсой шығармашылығына шолу жасадық. Тақырыптық қорытынды ретінде Ерсойдың «Сафахат» жинағындағы осман-түрік тілі – модерн (қазіргі) түрік тілі сөздігінен иллюстративті мысал қостық. Қазақстан ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін қолжазба қорында сақтаулы тұрған осман-түрік тіліндегі еңбектерді каталогтандыру ғылыми жобасы аясында шыққан басылым туралы, оның мазмұндық құрылымы мен авторлары туралы мәлімет бердік. Түйін сөздер: Осман империясы, осман-түрік тілі, жөнтүріктер, кипр, советизм, нормативтік лексика, каталогтау.