Turkic Studies Journal (Dec 2022)
Кенен Әзірбаев шығармашылығы: шығыс сюжеттері және олардың поэтикалық түрленісі
Abstract
Бұл мақалада авторлық ауызша поэзияның көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың түрлі жанрдағы шығармалары, Шығыс құндылықтарынан, әсіресе, Үнді әдеби ескерткіштерінен енген «көшпелі сюжеттерге» негізделген оқиғалар, мотивтер және желілер қарастырылған. Автор қазақтың халық ақынының «Бақ, қыдыр мен ынтымақ» атты мысал өлеңіне, «Үш кедей» ертегісіне, «Бұрынғы өткен батырлар» дастанына суырып салмалық дәстүрмен жырланған шығармалардың мазмұны мен поэтикалық құрылымын Нахшаби «Тотынамасындағы» тәмсілдердің түпкі мәтінімен және әр жылдарда Хайдари, ән-Наари, Фаизханұлы, Тобыш жариялаған кейінгі нұсқалармен салыстыра отырып ғылыми талдау жасаған. Зерттеу нәтижесінде бастапқы жазба ескерткіштер мен фольклорлық дереккөздердің нақты мәдени-тарихи ортада көркем тұрғыдан түрленуінің және жеткізілуінің көп сатылы үдерісі, сондай-ақ оларды жергілікті аудиторияның қажеттіліктеріне орай бейімдеудің ерекшеліктері ашып көрсетілген. Қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны шебер игерген, ғаламат әншілік өнерімен, ерекше дауысымен дараланған Кенен Әзірбаевтың жоғары орындаушылық шеберлігі оның осы аталған шығармаларының қалың жұртқа кеңінен танылып, жан-жақты таралуына жол ашты. Кенен Әзірбаевтың теңдессіз өлең-толғауларды жырлап шығарған арқалы ақын болғаны ғана емес, сонымен қатар, шығыстың сөз өнерін жетік білгені, саналы ғұмырында қазақ пен қырғыздың ауызша халық әдебиетінің баға жетпес үлгілерін жинаумен және өңдеумен айналысқаны, ал бұл үрдіс оның шығармаларындағы фольклор, ауызша поэзия және жазба әдебиет элементтерінің үйлесімді синтезінен байқалатыны атап көрсетіледі.
Keywords