Turkic Studies Journal (Mar 2025)
Жойылып бара жатқан хотон тіліндегі антропонимдер
Abstract
Қазіргі антропологияның өзекті мәселелерінің бірі – этникалық идентификацияның жоғалуы және аз ұлт тілдерінің жойылуы. Осының аясында алып қарағанда, мақалада омнимдер, атап айтқанда, жойылып бара жатқан хотон тілінің антропонимдері зерттеледі. Тарихи тұрғыдан хотон тілі – түркі тілдерінің қарлұқ тобының қарлұқ-ұйғыр кіші тобына жататын ұйғыр тілінің диалектісі. Қарлұқ тілдерінің этникалық негізі Батыс Түрік қағанаты, кейінірек Ұйғыр және Қарахан мемлекеттері аумағында шоғырланған қарлұқ-ұйғыр түркі тайпаларынан бастау алатыны белгілі. Кейін түркі тайпалары Орталық Азиядан шығысқа қарай қоныс аударып, отырықшылыққа көшіп немесе көшпенді болып қала отырып, Шығыс Түркістандағы бірқатар тарихи мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Қазіргі уақытта хотон тілінің тасымалдаушылары ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Батыс Моңғолия аумағында (Баян Өлгий аймағы) тұрады. Бұл мақаланың зерттеу нысаны – Моңғолияда тұратын хотондар. Хотон этнонимінің генезисі әлі де болса таласты жағдайда, оның шығу тегі ұйғырлармен, қырғыздармен, қалмақтармен, моңғол-ойраттармен байланыстырылып жүр. Автор мақалада орыс, еуропа, моңғол, қытай дереккөздеріне сүйене отырып, хотондардың шығу тегі туралы әртүрлі көзқарастарды ашып көрсетеді және олардың көші-қон тарихын, наным-сенім жүйесін, дәстүрлері мен тілін сақтау мәселелерін, сондай-ақ моңғол тілдік ортасындағы ассимиляциясын қарастырады. Осы мақсатқа жету үшін экспедициялар ұйымдастырылып, информанттармен сұхбат және сауалнама жүргізілді, хотон тілінің лексикалық жүйесі, әсіресе антропонимдері зерттелді. Зерттеу барысында хотондардың ат қою дәстүрінде көне түркілік дәстүрлердің жұрнақтары сақталғаны анықталды, мысалы: ат тергеу, рулардың және аймақтық этникалық байланыстардың атауына байланысты есім беру; сондай-ақ зоонимдер мен адамның әлеуметтік мәртебесіне (-хан, -бай, -тай, -дай аффиксоидтары бар алтай түркілік текке) қатысты ат қою. Хотондарға ауслаутта созылыңқы дауысты дыбыстары бар есімдер тән екендігі (аа, оо, ээ: Шалдаа, Шөвөө, Шүлкээ, Чойдоо, Жаваа, Сэртээ) анықталды. Хотон сөздері мен антропонимдеріндегі дауысты дыбыстардың ұзақтығы моңғол тілінің ықпалына байланысты. Сонымен қатар, моңғол тілінің әсері басқа да фонетикалық заңдылықтарда, деривациялық аффиксоидтарда байқалады: түркілік хан лексемасы хаан/хоон, ал бай > бой/вой/бо, дай/тай > даа болып өзгереді және т.б. Шамасы, хотон тілі моңғол тілінің тарапынан қатты ассимиляцияға ұшыраған және қазіргі уақытта жойылудың алдында тұр. Хотон тіліне орыс, үнді-тибет, араб-парсы тілдік байланыстары да ықпал еткен. Зерттеу нәтижесінде анықталған антропонимдер жойылып бара жатқан хотон тілін инвентаризациялау мен оның сөздік қорын толықтыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Keywords