Хабаршысы. Экономика сериясы (Jun 2024)
Астана қаласында құрылыс материалдары кластерін қалыптастыру және дамыту әлеуетін бағалау
Abstract
Мақалада Астана қаласының экономикасы негізінде құрылыс материалдарының өндірісі саласында кластерлерді енгізу және дамыту мүмкіндіктерінің әлеуетін бағалау жөнінде зерттеу жүргізілді және зерттеудің маңыздылығы осы салада кластерлендіру жүйесінің артықшылықтарын айқындаумен және дәлелдеумен байланысты көрініс тапты. Ғылыми жұмыстың мақсаты - құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі кластерлерді құру және дамыту тетігі арқылы Астана мысалында өңірлік экономиканың бәсекелік қабілеттілігін жақсартудың теориялық қағидаттарын зерттеу және практикалық ұсынымдарды әзірлеу. Зерттеу барысында экономиканың жалпы әдістері, экономикалық-статистикалық талдау, сындарлы есептеу, функционалдық талдау және жүйелік бағыт сияқты ерекше әдістер қолданылды. Зерттеудің теориялық негіздерін сала экономикасына кластерлік жүйені енгізу және дамыту бойынша әртүрлі ғалымдардың, зерттеушілердің әдістемелік тұжырымдамалары, ғылыми еңбектері және ұлттық статистиканың сандық мағлұматтары құрады. Сондай-ақ, осылардың негізінде зерттеудің сапалы нәтижелеріне қол жеткізу үшін оқшауландыру коэффициенттері, жан басына шаққандағы өндіріс коэффициенттері және мамандандыру коэффициенттері сияқты бағалау көрсеткіштері есептелді. Алынған нәтижелер Қазақстан экономикасының дамуына құрылыс материалдары өндірісін кластерлеу жүйесін енгізу тиімділігін растайды, бұл Астана қаласының мысалында көрсетілді. Тиімділік көрсеткіштерін бағалау ұсынылған тұжырымдамаларды негіздеуге және олардың практикалық маңыздылығын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Авторлардың пікірінше, зерттеу нәтижелері өңірді дамыту жағдайында құрылыс өнімдерінің өндірісі саласын кластерлендіру мәселелерін шешу барысындағы ғылыми-зерттеушілік жұмыстарда тиімді қолданылуы мүмкін. Алынған түйінді қорытындылар мен берілген нақты ұсынымдар құрылыс саласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың бәсекелік қабілеттілігін көтеруге және олардың тиімділігін арттыруға бағытталған дамыту жоспарлары мен стратегияларын дайындау үшін негіз бола алады. Түйін сөздер: кластер, құрылыс материалдарының өндірісі кластері, оқшауландыру коэффициенті, жан басына шаққандағы өндіріс коэффициенті, мамандандыру коэффициенті.