Turkic Studies Journal (Mar 2025)
Бұланды-2 ғибадатханасының керамикалық кешені: морфология және техникалық-технологиялық талдау
Abstract
Бұл мақалада Орта Азиядағы алғашқы күмбезді құрылыстардың бірі Бұланды-2 ғибадатханасынан табылған керамикалық материалдарға жүргізілген аналитикалық зерттеулердің нәтижелері ұсынылған. Ескерткіштегі алғашқы қазба жұмыстарын 1957-1960 жж. Хорезм археологиялық экспедициясы жүргізді. Бұланды-2 ғибадатханасы – жоспарда диаметрі 16 м, биіктігі 4,5 м болатын дөңгелек пішінді құрылыс. Ғимараттың порталдық есігі солтүстік бөлігінде орналасқан. Қазба жұмыстары кезінде табылған ағаш зембілдер мен табыттың қалдықтары ғибадатхана бөлмелерінде жерлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Толстов бұл нысанның тек ғибадатхана ғана емес, сондай-ақ жерлеу рәсімімен байланысты ғұрыптық орын ретінде қолданылуы мүмкін екенін атап өткен. Зерттеушілер Бұланды-2 ғибадатханасын Орта Азиядағы (Бактрия, Маргиана, Хорезм) ғұрыптық ескерткіштермен салыстыра отырып, оның архитектуралық ерекшеліктерін, атап айтқанда, дөңгелек пішінін зороастризмді ұстанған орталықазиялық көшпенділердің от және молшылық культімен байланыстырады. Сондай-ақ, Бұланды-2 үлгісіндегі күмбезді құрылыстар Еуразия далаларында кеңінен таралғаны белгілі. Бұл мақалада зерттеудің дереккөздік негізі ретінде Бұланды-2 кешенінің Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс музейінің қорында сақтаулы керамикалық жиынтықтары пайдаланылды. Жарияланымның негізгі мақсаты – Бұланды-2 керамикаcының морфологиялық және техникалық-технологиялық ерекшеліктерін ғылыми айналымға енгізу. Керамикаға жүргізілген морфологиялық талдау бұл жерден басым бөлігі шаруашылыққа арналған және ішінара асүйлік ыдыстар табылғанын көрсетті. Техникалық-технологиялық зерттеу нәтижесінде керамикалық ыдыстардың қыш-құмыра шеңбері арқылы жасалғаны және олардың құрамына сазды батпақпен қатар, кептірілген балшық, қышқақ, органикалық қоспалар мен гипс енгізілгені анықталды. Бұл керамиканың қалыптық массасындағы негізгі органикалық жасанды қоспа ретінде құрғақ шөп пен ұсақталған сабан пайдаланылған. Ал ірі көлемді ыдыстар бунақтық әдіспен қалыпқа келтірілген. Бұланды-2 ескерткішінен табылған керамикалық ыдыстар күнделікті тұрмыста пайдаланылған. Сонымен қатар, олар қанық қызыл және қоңыр түсті ангобпен қапталып, түбіне және ернеуіне қатты заттың көмегімен әртүрлі геометриялық белгілер түсірілген. Зерттеушілер бұл белгілерді шебердің жеке қолтаңбасы, тапсырыс берушінің қалауы, жеке меншікті белгілеу құралы және әлеуметтік теңсіздік туралы ақпарат көзі ретінде қарастырады. Жүзеге асырылған зерттеулер мен керамикаға жүргізілген морфологиялық және техникалық-технологиялық талдаулардың нәтижесінде Бұланды-2 ғибадатханасы б.з.д. IV-II ғасырларға жатқызылды. Бұланды-2 ескерткішінен анықталған қыш ыдыстар күнделікті қолданыста болған. Сондай-ақ, көзеші шеберлердің кәсіби деңгейлерінің жоғарғы болғандығын және аймақта қыш өндірісінің дамығандығын көреміз.
Keywords