Turkic Studies Journal (Sep 2023)

Қаңлы дәуірі ескерткіштерінің археозоологиялық материалдарын талдау (2022 ж. Бурнооктябрьское және Бақатөбе материалдары бойынша)

  • Mambet Shagyrbaev,
  • Yeraly Akymbek

DOI
https://doi.org/10.32523/2664-5157-2023-3-41-71
Journal volume & issue
Vol. 5, no. 3

Abstract

Read online

Мақалада 2022 жылы зерттеу жүргізілген Талас өңірінде орналасқан Бурнооктябрьское және Бақатөбе ескерткіштерінің (б.з. І–ІV ғғ.) археозоологиялық материалдары қарастырылды. Зерттеу жұмысының мақсаты Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ежелгі қоныстар мен қалалардың археозоологиялық материалдарына зертханалық талдау жүргізу және көршілес аймақтардағы хронологиялық мерзімі жақын ескерткіштердің материалдарымен салыстыру болып табылады. Жануар сүйектері археозоологиялық әдістерге сай зерттеліп, археофаунаның құрамы, үй жануарларының түрлері, жас ерекшеліктері, қаңқа элементтері мен қаңқа бөліктерінің құрамы анықталды. Зертханалық талдау барысында Талас өңіріндегі ежелгі ескерткіштерден табылған жалпы саны 740 дана жануар сүйегі сарапталып, оның 707 дана сүйегі (95,5%) нақты түрге дейін ажыратылды. Қоныс тұрғындарының шаруашылығында уақ мал негізгі орын алған, екінші орында ірі қара, саны жағынан үшінші орында жылқы сүйектері. Остеологиялық материалдардың арасынан аздаған мөлшерде түйе, есек және ит сүйектері кездесті. Жабайы жануарлар фаунасынан: ірі тұяқтылар (құлан және бұғы), ұсақ тұяқтылар (елік, қарақұйрық, арқар, ақбөкен), жыртқыштар (түлкі), қоян (құм қояны – Lepus tolai), кеміргіштердің (суыр) сүйектері анықталды. Зерттеу нәтижелері Шу, Талас, Сырдария, Ташкент және Амудария өңірлеріндегі ескерткіштердің археозоологиялық мәліметтерімен салыстырылды. Талас өңіріндегі ескерткіш материалдары негізінде қаңлы және ерте түркі дәуірлеріндегі мал шаруашылығының даму динамикасы, үй жануарларының түрлері және аңшылық бағыттары талданады.

Keywords