Turkic Studies Journal (Jun 2022)
Шымкент қаласы аумағындағы антропотопонимикалық әпсаналардың поэтологиялық пішіні
Abstract
Мақалада Шымкент қаласы аумағында орналасқан Ұлы Жібек жолының тарихи топонимдерінің атаулары зерттеледі. Топонимдерді атауда этникалық тілдің қорына сіңген және халықтың мәдениеті мен тұрмысында ерекше көркемдік-танымдық мәні бар фольклорлық материалдың маңызы зор. Сондықтан топонимиканы лингвистикалық аспектіде ғана емес, әдебиеттануда, фольклорда тарихи дереккөздер негізінде зерттеу өзекті және сұранысқа ие. Бұл мақалада Шымкент қаласының Қошқар ата, Субұрған ата, Дәруіш ата, Қамбар ата сынды тарихи орындарының атаулары антропотопономика тұрғысынан зерделенді. Антропотопонимия кісі аттарына, мифологиялық кейіпкерлерге, халықтық мифтер мен аңыздарға байланысты нысандарды және елді мекен атауларын зерттейді. Мақаламызда тарихи тұлғалардың, фольклорлық-мифологиялық қаһармандардың, әпсана кейіпкерлерінің есімдерімен байланысты топо- нимдерді де антропотопонимикалық деп таныдық. Мақала авторлары фольклорлық мәтіндерді мотивтік салыстыру негізінде жекелеген жер-су атауларының антропотопонимиялық әпсаналарда бейнеленуін және ерекше ісімен ел жадында сақталған тұлғалардың әңгімелерін қарастырады. Шетел әдебиеттануында «поэтикалық ономастика» деген ұғым бар екені ескеріліп, бұл ұғымның пайда болуы фольклорлық топонимдердің көркемдік құрылымы мен ондағы қолданылған бейнелеу тәсілдеріне байланысты екені көрсетілді. Зерттеу нысанына алынған әпсаналарды талдау нәтижесінде Ұлы Жібек жолының тек сауда қатынасы ғана емес, мәдени-рухани байланыста да маңызды қызмет атқарғандығына назар аударылды.