Turkic Studies Journal (Jun 2024)

Бәбіш мола қаласының керамикасы (морфологиялық және техника-технологиялық талдаулар негізінде)

  • Zhanbolat Utubayev,
  • Makpal Suyundikova,
  • Zhanargul Kaliyeva

DOI
https://doi.org/10.32523/2664-5157-2024-2-133-154
Journal volume & issue
Vol. 6, no. 2

Abstract

Read online

Керамика, кез келген археологиялық ескерткіш жайында құнды әрі маңызды мағұлмат беретін дереккөздің бірі болып табылады. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының тарапынан құрылған Шірік Рабат экспедициясы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан, мемлекет қорғауына алынған, жергілікті маңызы бар Бәбіш мола қалашығына археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын кешенді жүргізіп келеді. Мақаланы жариялаудағы негізгі мақсат – 2018-2022 жылдары Бәбіш мола қалашығына жүргізілген қазба барысында жиналған керамикалық материалдарға морфологиялық, техника технологиялық талдаулар жүргізу негізінде ғылыми айналымға енгізу. Бәбіш мола қалашығынан табылған қыш ыдыстар пайдалану мақсаттарына қарай шаруашылық, асханалық және ас үйлік ыдыстар деп топтастырылды. Соның ішінде пайызы басым асханалық құмыра ыдысы екендігін анық аңғаруға болады. Жасалу технологиясы бойынша ыдыстардың барлығы шарық көмегімен және жапсырма әдісімен дайындалған. Сонымен қатар саз құрамына гипс, органика, шамот секілді қоспалар араластырылған. Ыдыстардың сырттары минералды бояулармен және түрлі геометриялық, толқынды сызықтармен өрнектеліп, безендірілген. Жүргізілген археологиялық қазба нәтижесі Бәбіш мола оазисінің орталығы Бәбіш мола қалашығы болғандығын дәлелдейді. Аталмыш қалашыққа жүргізілген археологиялық қазба барысында тіркелген түрлі қыш ыдыстар аумақта қыш өндірісінің дамығандығын көрсетеді. Нысанда ұйымдастырылған зерттеу жұмыстары, тіркелген археологиялық материалдар мен керамикалардағы морфологиялық және техника-технологиялық талдаулар нәтижелері Бәбіш мола қалашығының өмір сүру уақытын б.д.д III-II ғғ. мерзімдейді.

Keywords