Turkic Studies Journal (Jun 2023)
Жазба ақындар шығармашылығындағы шығыс стилі
Abstract
Мақалада ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ ақындарының шығармашылығындағы діни-дидактикалық және сопылық сарындар қарастырылған. Олардың дені өз заманында Орта Азия және Ресей қалаларындағы мұсылман медреселерінде білім алғаны белгілі. Жұмыста шайырлар поэзиясында жиі ұшырайтын ғаріп, міскін, құл, пақыр, кәмине, бейшара сөздерінің сопылық әдебиетпен байланысты қырлары талданады. Авторлар олардың әрқайсысын тиісті мысалдар арқылы дәйектей отырып, сопылық әдебиетке қатысты аспектілеріне назар аударады. Шығыстың классикалық әдебиетінен терең нәр алған шайырлар поэзиясында көптеген ортақ тақырып, сюжет, сарындар мен стильдік бейнелеулер кездеседі. Мақалада жазба ақындар поэзиясында жиі қолданылған «әбжад» және «әліпби» мотивтеріне арнайы назар аударылады. Осы орайда Алтын Орда дәуірі әдебиетінде жалғасын тапқан «нама» жанрын қазақ ақындарының қайта жаңғыртуы туралы ой қозғалған. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясына ортағасырлық әдеби дәстүрдің тигізген ықпалы қарастырылған. Ақан сері, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Мақыш, Омар, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет сынды жазба әдебиет өкілдерінің шығармашылығы Ясауи, Бақырғани, Рабғузи, Хорезми және Сараи секілді түркі-қыпшақ шайырларының өлең үлгілерімен салыстырыла сарапталады. Екі дәуір ақындары қолданған бейнелі сөздер мен көркем образдар жөнінде тұжырымды ой-пікірлер ұсынылған. Мақалада қазақ әдебиеттануында жеткілікті деңгейде зерттелмеген, ұлттық жазба әдебиетіміздің қалыптасуына елеулі үлес қосқан бірқатар ақын-шайырлардың шығармалары қарастырылды.
Keywords