Хабаршы. Психология және социология сериясы (Apr 2016)

Жастардың есірткі және психоактивті заттарды қолдануының әлеуметтік-психологиялық салдары

  • S. T. Kydyrmoldina,
  • G. S. Tursungozhinova

Journal volume & issue
Vol. 49, no. 2

Abstract

Read online

Бұл мақалада қазіргі кездегі қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық мәселелердің бірі болып отырған жастар арасындағы нашақорлық пен жастардың есірткі мен психоактивті заттарды қолдануының негізгі себептері қарастырылған. Жастардың есірткі мен психоактивті заттарды қолдануының алғы шарты болып табылатын өтпелі жеткіншектік кезеңнің негізгі ерекшеліктері мен осы жастық шақта жеткіншектердің әлеуметке жат қылықтарға бейім болуының себептері айқын көрсетілген. Бұл себептердің қатарына тұқымқуалаушылық, тәрбие мен қоршаған орта жатады. Автор бұл үш факторды жан-жақты тұрғыда қарастырып, жеткіншектік шақта есірткі мен психоактивті заттарды қолдануының негізгі механизмдерін анықтауға тырысты. Жеткіншектік кезеңде есірткі мен психоактивті заттарды қолдануының негізгі механизмдерінің қатарына жеткіншектердің психикасының тұрақсыздығы мен еліктеуге бейімделгіштік, педагогикалық және отбасылық назардан тыс қалу, ата-ана тарапынан гиперопека, қарым-қатынастың жеткіліксіздігі сияқты механизмдерді жатқызды. Сондай-ақ есірткі мен психоактивті заттарды қолдану мотивтеріне сапалы талдау жасады. Талдау арқылы әлеуметтік-психологиялық мотивтерді, өз санасының өзгеруін қажет ету мотиві мен есірткіге патологиялық елігу мен абстинентті синдромның салдарымен байланысты патологиялық мотивтерін бөліп көрсетті. Психоактивті заттар мен есірткіні қолдану салдарынан болатын физиологиялық және психикалық өзгерістерге ерекше тоқталды. Көптеген әдебиет көздерін қарастыра отыра, бұл өзгерістердің қатарына есірткі заттарға тәуелділіктің қалыптасуы, интеллектінің төмендеуі, иммунды және жыныстық жүйенің зақымдануы, бүйрек және бауырдың бұзылуы, тыныс алу мүшелерінің зақымдануы, өкпе рагінің және мидың қатерлі ісікке шалдығуы, невроздың пайда болуы, көңіл-күйдің өзгермелілігі, алаңдаушылық, ұйқының бұзылуы, қан қысымының көтерілуі, галлюцинациялар, сандырақтар, организмге су жетіспеуі, жүрек айнуы, апатия, депрессия, әлеуметтік шеттетілу және өз-өзіне қол жұмсауды жатқызды. Барлық жинақталған мәліметті өңдей отырып, автор жеткіншектердің есірткі мен психоактивті заттарды қолдануының алдын алу жолдарын қарастырды. Қазіргі жастарды қауіпті еліктеулерден сақтау үшін, алдын алу шаралары мектеп қабырғасы мен отбасында қарқынды жүргізілу маңыздылығын атап көрсетті. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі мен психоактивті заттардың әлеуметтік-психологиялық салдары жайлы ақпараттандыру арқылы жағымсыз эмоция тудыру ұсынылған. Автор айтуы бойынша, позитивті алдын алу жұмысы тек қауіпті еліктеулердің алдын алып қана қоймай, топтағы психологиялық ахуалды жақсартып, оқуға деген қызығушылықты арттырып, ересек пен жастар арасындағы жағымды қарым-қатынас орнатуға көмегін тигізеді және өмірге деген жағымды қатынас тудырады.

Keywords