Turkic Studies Journal (Sep 2023)
Сопылық түркі поэзиясын декодтау тәжірибесінен (Ясауидың «Диуани хикмет» мәтіні материалында)
Abstract
Мақалада Ясауидың «Диуани хикмет» шығармасын көркем мәтін ретінде декодтау жолдары ұсынылып отыр. Лингвистикалық түркітанудағы алғашқы тәжірибе деп санаймыз, себебі декодтау стилистикасы тарихи мәтіндерге емес, қазіргі көркем мәтіндерге ғана қолданылып келеді. Ясауидың «Диуани хикметі» сопылық поэзияның іргелі үлгісі екені белгілі. Сонымен бірге мәдениеттану заңдылықтары бойынша бұл шығарма басқа діни жазбалармен қатар қасиетті мәдени кодқа жатады. Ал ондағы тілдік құрам тілдік-мәдени код болып саналады. Тілдік-мәдени кодты талдауға лингвокультурема тірек бола алады. Бұл тұста лингвокультурема мәтіннен бастап, ондағы жекелеген бірліктерге дейін қамтиды. Алайда декодтау стилистикасына енгізу үшін лингвокультурема көркем мәтіннің түзілісіне қызмет етіп тұруы қажет. Автор ойларының прагматикасы оқырманға ұсынған кодтарын оқырманның декодтау шамасымен байланысты. Ұсыну қағидатына сүйенсек, Ясауи хикметтерінде конвергенция, ойдан шықпау әсері, ілінісу құбылыстары алға тартылады. Осы құбылыстар арқылы хикметтердегі тілдік-мәдени ақпаратты оқырман интерпретациялай алады. Алайда шығарма мәнісін ашу, оқырманда бұрын бастан кешкенінен, естігенінен, оқығанынан жиған аялық білім болса, алдын ала қажетті ақпарат қоры болса, тиімді болады. Демек, аялық білім шешуші рөл атқарады. Ясауидың «Диуани хикмет» мәтінін түсіну үшін оқырманның исламдағы тариқат, мағрипат, шариғат жолдарынан, сопылық дүниетанымнан хабардар болғаны тиімді. Декодтау стилистикасы арқылы Ясауидың «Диуани хикмет» көркем мәтініндегі стилистикалық тәсілдердің мән-мазмұны ашылды.
Keywords